Кіру

Басты бет
ҚАӘ-де халықаралық әуе тасымалдарындағы формальдылықтарды оңайлатудың негізгі мәселелері қаралды

23/12/2025

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде халықаралық әуе тасымалдары кезінде формальдылықтарды оңайлату жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Оған елдің халықаралық әуежайларында бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуежайлары мен әуе компанияларының өкілдері қатысты.

Сарапшылар жеке басын куәландыратын электрондық құжаттарды верификациялау мәселелерін, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тарапынан әуе кемелерін тексеру тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат берілмеген тұлғаларды рәсімдеу процесстерін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Шымкент және Атырау қалаларының әуежайлары базасында олардың инфрақұрылымын ескере отырып, тексеру және шекаралық бақылау пункттерін орналастыруды оңтайландыру бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізілгені атап өтілді. Мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің, әуе компаниялары мен Қазақстан әуежайларының белсенді ұстанымы сындарлы пікірталасқа және келісілген шешімдерді әзірлеуге ықпал етуде.

Отырыс қорытындысы бойынша Air Astana және SCAT әуе компанияларынан еліміздің авиациялық қауіпсіздік, ұшу қауіпсіздігі немесе өзге де қажетті бақылау мен қадағалау шаралары жөніндегі заңнаманы қолдануға нұқсан келтірмей, формальдылықтарды оңтайлы деңгейде жеңілдету мақсатында қолданыстағы рәсімдерді жетілдіруге қатысты ұсыныстар қалыптастырылды. Сондай-ақ оларды орындау мерзімдері көрсетілген нақты тапсырмалар айқындалды.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі халықаралық әуе тасымалдары кезінде формальдылықтарды оңайлату жөніндегі ведомствоаралық комиссияның атқарушы органы болып табылады және мемлекеттік органдар мен азаматтық авиация қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіреді. Сонымен қатар, эксплуатанттардың ұстанымын ескеруді, проблемалық мәселелерді жедел шешуді және халықаралық әуе тасымалдарының тиімділігін, қауіпсіздігін және сапасын арттыруға бағытталған келісілген, тәжірибеге бағдарланған шешімдерді әзірлеуге белсенді түрде жәрдем көрсетеді.

Формальдылықтарды жеңілдету жөніндегі комиссияның отырыстары азаматтық авиация субъектілері мен мемлекеттік органдар арасындағы авиациялық тасымалдардың тиімділігін, қауіпсіздігін және сапасын арттырудың негізгі мәселелері бойынша мазмұнды диалог жүргізуге арналған маңызды алаң болып табылады.