07/12/2024
2024 жылы Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ИКАО) Тұрақты өкілдігін ашты. ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында елдің авиация саласындағы жетістіктері мен «жасыл» авиацияға ұмтылысы туралы айтып берді.
ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано
— Биыл Қазақстан Республикасының Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы (ИКАО) Тұрақты өкілдігі ашылды. Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қандай?
— Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесуім Қазақстанмен бұрыннан қалыптасқан тығыз әріптестікті жаңа деңгейге көтерді. Тимур Тлегеновтың басшылығымен Қазақстанның ИКАО жанындағы Тұрақты өкілдігінің құрылуы біздің қарым-қатынасымызды нығайтып, стратегиялық ынтымақтастық үшін тікелей арналарды қамтамасыз етті. Сонымен қатар, мен біздің өңірлік директорымыз Николас Ралло мен Қазақстан Үкіметі өкілдері — атап айтқанда, министр Қарабаев, вице-министр Ластаев және Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Томпиева арасындағы тұрақты үйлестіруге ерекше қуаныштымын.
Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ең ірі мемлекет және әлем бойынша аумағы жағынан тоғызыншы орында тұрған ел ретіндегі мәртебесін ескере отырып, бұл әріптестік елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін айрықша маңызға ие.
Қазақстан біздің өңірлік бастамаларымызда құнды серіктеске айналды, Париждегі өңірлік кеңсеміздің қызметін белсенді түрде қолдап, өз тәжірибесімен көршілес елдермен жомарттықпен бөлісіп келеді. ИКАО іс-шараларын өткізу жағынан Қазақстанның рөлі артып келе жатқаны — оның өңірлік авиацияны дамытуға бейілділігінің дәлелі. Мұның жарқын мысалы ретінде жуырда өткен «Қазақстандағы ИКАО апталығы» аясындағы тәуекелдерді бағалау жөніндегі өңірлік семинар мен «Green Airports» атты өңірлік семинарды атап өтуге болады.
Мен келесі жылы жоспарланған ресми сапарым барысында ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын зерделеуді асыға күтемін.
— ИКАО Қазақстандағы азаматтық авиацияның дамуын қалай бағалайды? Елдің ұшу қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкестігі қандай деңгейде?
— Қазақстан 1992 жылы ИКАО-ға қосылған сәттен бастап азаматтық авиация жүйесін үздіксіз дамытып келеді және Орталық Азияда жоғары стандарттарға қол жеткізді. Ел ИКАО-ның барлық негізгі конвенцияларын — Монреаль (1999), Варшава, Бейжің және Кейптаун конвенцияларын ратификациялаудан бастады, бұл авиацияны дамыту үшін берік негіз қалады. USOAP және USAP бағдарламалары бойынша өңірдегі ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуі — Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қорғанысқа берік бейілділігінің айқын дәлелі. Бұл көрсеткіштер елдің авиация саласының тұрақты дамуы үшін маңызды алғышарт болып табылады.
Қазақстан көптеген басқа жетістіктерімен де ерекшеленеді. Мысалы, Томпиеваның азаматтық авиация басшысы қызметіне тағайындалуы — Орталық Азияда бұл лауазымға алғаш рет әйел адамның келуі — көшбасшылыққа деген прогрессивті көзқарастың көрінісі. Бұған қоса, Қазақстан ТМД елдері арасында алғаш болып тәуелсіз тергеу органын құрды.
Қазақстанның авиациялық экожүйесінің қуаты — оның кең ауқымды операторлар желісінен де көрінеді: 20-дан астам пайдаланушы сертификатының иелері, оның ішінде 4 қазақстандық әуе компаниясы және тұрақты рейстер орындайтын 30-дан астам шетелдік тасымалдаушы бар.
— Қазақстан ИКАО-мен келісімге қол қойып, экологиялық таза авиаотын бағдарламасына (ACT-SAF) қосылған ТМД елдерінің арасындағы алғашқы мемлекет болды. Осы келісім аясында қандай жобалар жоспарланып отыр? Устойчив авиациялық отынды енгізу үшін ИКАО Қазақстанға қандай қолдау көрсетеді?
— ACT-SAF шеңберіндегі әріптестігіміз Қазақстанның тұрақты авиацияға көшуге деген ұмтылысын айқын көрсетеді. Бұл бағдарлама ИКАО тарапынан саясатты дамыту, технологиялар трансфері, ноу-хау мен озық тәжірибемен бөлісу бойынша қолдау көрсетуді көздейді. Біз Қазақстанға тұрақты авиациялық отын өндіру мен пайдалануды жоспарлау, сертификаттау процесін енгізу және өңірлік серіктестіктерді қалыптастыруда көмектесеміз. Сонымен қатар, Қазақстанның ACT-SAF аясындағы көшбасшылығы Орталық Азияда экологиялық тұрақты авиацияның дамуына серпін береді деп сенеміз.
— Қазақстан ұшуларды экологиялық жағынан қауіпсіз ету бағытында батыл қадамдар жасап отыр. Олар Орталық Азияда алғаш болып екі маңызды экологиялық бастамаға қосылды: CORSIA — бұл бастама әуе компанияларына көміртегі шығарындыларын өтеуге мүмкіндік беріп, тексерілген экологиялық жобаларға инвестиция салуға жол ашады, және ACT-SAF — бұл тұрақты авиациялық отынды әзірлеу мен қолдануды ілгерілететін бастама. Бұл жетілдірілген отын түрі дәстүрлі отынмен салыстырғанда қоршаған ортаға келетін зиянды едәуір азайтады. Қазақстанның осы бастамаларға ерікті түрде қатысуы — 2050 жылға қарай көміртегі шығарындыларын нөлге дейін азайту жөніндегі ортақ мақсатымыз тұрғысынан алғанда, ерекше көрегендіктің үлгісі.
Ең маңыздысы — Қазақстан бұл қадамдарды өз еркімен жасап отыр, бұл өз аймағында шынайы көшбасшылықты көрсетеді. Олар авиацияның болашағы тұрақты даму жолында болуы тиіс екенін жақсы түсінеді және осы жолды бірге салуға атсалысуда. Біз Қазақстанға осы экологиялық таза отын түрлерін дамыту мен пайдалануға қажетті барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Бұл тек олардың авиация секторына ғана емес, сонымен бірге бүкіл өңір елдеріне үлгі бола алатын маңызды қадам. Қазақстанның белсенді ұстанымы авиацияның өсуі мен экологиялық жауапкершілік қатар жүруі мүмкін екенін дәлелдеп отыр.