30/12/2025
Қазақстан азаматтық авиация саласындағы әлемдік көшбасшылар клубына енді. «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ авиациялық қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Жәнібек Шәріпбаев «Казахстанская правда» газетіне берген эксклюзивті сұхбатында мемлекет тарапынан қандай қадамдар жасалғанын және алда қандай күрделі сын-қатерлер тұрғанын айтып берді.
– Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жүргізген аудит қорытындысы бойынша Қазақстан авиация саласы ең орнықты елдердің ТОП-20 қатарына кірді. Жәнібек Азатович, осы жаңалыққа пікір білдірсеңіз.
– Түсіну үшін айта кетейін: ИКАО құрамына 193 мемлекет кіреді. Аудит барысында халықаралық ұйым еліміздің азаматтық авиация жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалады. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 95,7 пайызды құрады, яғни қатаң талаптардың басым бөлігі орындалатыны мойындалды. Бұл – Азаматтық авиация комитеті мен тәуелсіз қадағалау органы – Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің көпжылдық жүйелі жұмысының нәтижесі. Қысқаша айтқанда, біз нормативтік-құқықтық базаны халықаралық стандарттарға сәйкес жаңарттық, персоналды даярлау деңгейін күшейттік, әуежайлар мен әуе компанияларында сапаны бақылаудың бірыңғай тәсілін енгіздік.
– Қазақстан авиациялық қауіпсіздікті арттыруда халықаралық тәжірибені белсенді қолданады. Бұл міндеттерді елімізде қандай кадрлар жүзеге асырып отыр?
– Қазақстанда ИКАО-ның ұлттық сертификатталған аудиторы бар. Ол авиациялық қауіпсіздік бойынша оқыту басқармасын басқарады, бас авиациялық инспектор болып табылады, Еуропалық азаматтық авиация конференциясында алты айлық тәжірибе алмасудан өтіп, еуропалық қауіпсіздік жүйесін ішінен зерттеді. Қазір осы тәжірибесін қазақстандық әріптестерімен бөлісуде. Сонымен қатар елімізде ИКАО-ның бес сертификатталған нұсқаушысы жұмыс істейді, олар ұйым стандарттары бойынша оқытуды қамтамасыз етеді. Тексеру, жедел ақпарат алмасу және әрекет ету алгоритмдері жолға қойылған.
– Аудит барысында қандай критерийлер негізгі болды?
– Аудиторлар тобының жетекшісі Вайн Каллум бастаған команда елімізде жұмысын аяқтаған соң, тағы алпыс күн бойы ИКАО-ның бас штаб-пәтерінде талдау жүргізді. Заңнама, сапаны бақылау және қадағалау жүйесі, персоналды даярлау секілді аспектілер қаралды. Әрбір бағытта жүздеген хаттамалық сұрақтар қамтылды. Мұндай көпдеңгейлі тексеру әртүрлі мемлекеттерге баға беруде объективтілік пен бірізділікті қамтамасыз етеді.
– Аудиттен кейін жолаушыларды тексеру мен багажды өңдеу рәсімдерінде қандай өзгерістер болды?
– Жолаушыларды, экипаждарды, персоналды және жүктерді тексеру тізбегі толықтай біріздендірілді, чек-парақтар мен жедел нұсқаулықтар жаңартылды. Бірқатар әуежайларда логистика жақсартылып, заманауи тексеру кешендері орнатылды. Егжей-тегжейіне тоқталмай-ақ қояйын, бірақ жоғары тәуекелді жүктер мен әуежай аумағына кіргізілетін техниканы тексеру процесі толық реттелді.
Мен өзім де әртүрлі әуе компанияларының қызметін тұрақты пайдаланамын – бұл менің функционалдық міндеттерімнің бір бөлігі. Ұшулар барысында сервистің сапасын, жұмысты ұйымдастыруды және саладағы жалпы оң өзгерістерді объективті бағалауға мүмкіндігім бар. Шынын айтсам, халықаралық бағыттарда көбіне қазақстандық әуе тасымалдаушыларды таңдаймын – олардың сенімділік деңгейі жоғары. Әуежайлар жұмысына келсек, бүгінде Астана, Алматы, Ақтау әуежайларының қызметі оң бағаланып отыр. Мұнда заманауи технологиялық шешімдер енгізілуде, жолаушылар мен қызметкерлер үшін жағдай жақсарып, навигация жетілдірілуде, тексеру аймақтарының өткізу қабілеті артып келеді.
– Әлемдегі күрделі геосаяси жағдай баршаға мәлім. Дағдарыс аймақтарына ұшулар жөнінде шешімдер қалай қабылданады?
– Бізде тәуекелдерді бағалаудың нақты жүйесі қалыптасқан. Бұл бағытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, мемлекеттік органдар және әуе компаниялары күн сайын жұмыс істейді. Мамандар халықаралық хабарламаларды, жағдай болжамдарын, тағайындалған әуежайлардың қауіпсіздік деңгейін және баламалы маршруттарды пайдаланады. Негізгі қағида өзгермейді: жолаушылар мен экипаждердің қауіпсіздігі кез келген коммерциялық немесе операциялық факторлардан жоғары. Биыл еліміз осындай талдаудың анағұрлым жетілдірілген деңгейіне өтті. Қақтығыс аймақтарында ұшуларды орындау кезінде авиациялық қауіпсіздікке қатысты сегіз жаңа нұсқау жолданды. Нәтижесінде қауіп-қатерлерді бағалаудың бірыңғай стандартталған тәсілі қалыптасты, бұл жедел әрі дәл шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Арнайы колл-орталықтар нақты уақыт режимінде әлемдік жағдайды бақылап, жедел деректерді жинайды.
– Ұшқыштар лазерлік шабуылдарға алаңдаушылық білдіріп жүр. Мұндай құқық бұзушыларды анықтау қаншалықты қиын?
– Бұл тұрмыстық құрылғының өзі үлкен қауіп көзіне айналуы мүмкін жағдайлар туралы. Көпшілік кабинаға бағытталған қысқа жарық сәулесінің ұшқышты уақытша соқыр қылуы мүмкін екенін түсіне бермейді. Бірнеше секундтың өзі ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруге жеткілікті. Мәселе көбіне мұндай оқиғалардың түнгі уақытта және әуежайлардан алыс жерде орын алуымен қиындай түседі. Бұл – жаһандық проблема. АҚШ-та жыл сайын мыңдаған осындай жағдай тіркеледі, Ұлыбритания мен Австралияда қылмыстық жауапкершілік күшейтілген. Әлем бойынша әуежайлар лазер сәулелерін анықтайтын арнайы жүйелер мен жедел тергеу алгоритмдерін енгізуде.
– Жәнібек Азатович, рейстердің кешігуі тақырыбына тоқталсақ. Өткен күзде Астана мен Алматы әуежайларында мониторинг жүргізілді. Нәтижелері қандай болды?
– Мониторинг Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың тапсырмасымен өтті. Авиациялық инспекторлар мен Азаматтық авиация комитетінің өкілдерінен құралған мобильді топтар екі апта бойы деректер жинап, кейін мұқият талдау жүргізді. Тексеру аймақтарындағы кезектердің негізгі себептері – жолаушылар ағынының шарықтау кезеңдері, тексеру желілерінің біркелкі жүктелмеуі, қолмен тексеру және багажды өңдеудегі жекелеген ерекшеліктер. Бұл мәселелер оңтайландыру жоспарына енгізілді: персонал даярлығы күшейтіліп, ресурстар қайта бөлінуде, технологиялық аймақтардың ұйымдастырылуы жақсартылуда. Бұл бағытта біз әуежайлармен тікелей жұмыс істейміз.
Рейстердің кешігуіне келсек, көбіне бірнеше фактор қатар әсер етеді. Бұл қолайсыз ауа райы да, әуе кемесін қосымша тексеру қажеттілігі де, қарбалас сағаттардағы әуежай жүктемесі де болуы мүмкін. Авиация – біртұтас механизм. Бір рейстің кешігуі келесі рейстерге тізбекті әсер етеді. Бір ұшақ пен бір экипаж қатарынан бірнеше рейске жоспарлануы мүмкін, сондықтан кідіріс жалғасып отырады. Мысалы, таңертең бір әуежайда тұман салдарынан кешіккен ұшақ, күндіз басқа қалада да кешігуі ықтимал, тіпті ауа райы жақсы болса да. Тығыз кестеде уақыт қоры қалмайды.
Әрбір жағдай жеке қаралады. Мақсат – кінәлі іздеу емес, болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу. Қай жерде персоналды күшейту, қай жерде кестені өзгерту немесе қызметтер арасындағы өзара әрекеттестікті жақсарту қажет екенін анықтау. Негізгі мақсат – рейстердің мүмкіндігінше уақытында орындалуы және жолаушылардың өзін сенімді әрі тыныш сезінуі.
– Авиациялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін сақтау және азаматтық авиацияны одан әрі дамыту үшін қандай шаралар жоспарлануда?
– Қазіргі таңда ықтимал қатерлерге әрекет ету алгоритмдері алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл ұшқышсыз ұшу аппараттары, ішкі бұзушылар, киберқауіптер және өзге де заманауи араласу сценарийлері болуы мүмкін. Мұнда технологиялар маңызды, алайда шешуші рөлді «жерде» жұмыс істейтін қызметкерлер атқарады. Әуежайлар мен әуе компанияларының инспекторлары, тексеру жүйелерінің қызметкерлері, операторлар – дәл осы мамандар қауіптермен алғаш бетпе-бет келіп, авиациялық қауіпсіздік стандарттарының нақты уақыт режимінде орындалуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қызметкерлерінің жұмысы да аса маңызды. Олар сала саясатын қалыптастырады, нормативтік құжаттарды әзірлеуге қатысады, тәуекелдерді талдайды. Олардың біліктілігі мен кәсібилігі – табыстың басты кепілі.
Осы орайда айта кету керек, Қазақстанда маршруттық желіні кеңейту және жаңа рейстер ашу бойынша да белсенді жұмыс жүргізілуде. Еліміз әлемде серпінді дамып келе жатқан авиациялық хаб ретіндегі позициясын нығайтып келеді.
– Жәнібек Азатович, мазмұнды әрі қызықты әңгіме үшін рақмет.
Сұхбатты жүргізген — Галина Вологодская