23/05/2025
Қазақстандық мамандар Хорватияның Сплит қаласында өткен ICAO-ның ағылшын тілі деңгейіне қойылатын тілдік талаптарды енгізу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының 46-отырысына (ICAO LPRI TF 46) қатысты.
Жиынға 20-дан астам елдің авиация саласындағы сарапшылары, сондай-ақ EASA, FAA, IATA, ICAEA, IAOPA, EUROCONTROL, JAA TO және Lenguax UK сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қазақстан делегациясының құрамында Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі (ААҚ), «Қазаэронавигация» РМК ОҚО, және SCAT әуе компаниясының өкілдері болды. Олар пікірталастарға белсенді қатысып, шетелдік әріптестеріне өз ұсыныстарын ұсынды.
Талқылаудың негізгі тақырыптары – ЖИ-ді оқыту мен тестілеуде қолданудың мүмкіндіктері мен тәуекелдері, сондай-ақ авиациялық ағылшын тілі мен стандартты фразеологияны оқытуға жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу. Қатысушылар ЖИ жасаған жауаптар мен үміткерлердің нақты жауаптарын ажырату әдістерін де қарастырды.
Сонымен қатар, ICAO EUR Doc 046 (Guidance on the Harmonized Implementation of Language Proficiency Requirements and Its Oversight) құжатына сәйкес тестілеу орталықтарын қадағалайтын инспекторларға арналған электрондық курсты әзірлеу және радиоалмасуға қатыспайтын персонал үшін авиациялық ағылшын тіліне қойылатын талаптарды айқындаудың жаңа тәсілдері талқыланды.
Отырыста әкімшілер мен емтихан алушыларға қойылатын біліктілік талаптары, үміткерлердің онлайн-тестке дайындығы, жабдықты баптау және этикалық нормаларды сақталуы және онлайн-тестілеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ААҚ лицензиялау департаментінің аға авиациялық инспекторы Мадияр Қаражанов ICAO 12-қосымшасының 2.3.3 және 2.3.4-тармақтарында баяндалған іздестіру-құтқару (SAR) операторларына қойылатын талаптарды басқа елдердің авиациялық билігі қалай жүзеге асыратыны туралы мәселе көтерді.
Кейбір елдер іздестіру-құтқару үйлестіру орталықтарының операторларына ағылшын тілін 4-деңгейде меңгеруді талап етеді. Осылайша, радио байланыста ағылшын тілін меңгеру бойынша ұсынымдарды қолдану – үйлестіру орталығы операторларының қызметтік міндеттерін тиімді орындауы үшін – азаматтық авиацияның ұлттық реттеушісімен айқындалады.
Ағылшын тілін қолдану, үйлестіру хаттамалары және жедел дайындық бойынша әртүрлі елдердің бұл стандарттарды қалай қолданатынын түсіну ұлттық тәжірибені халықаралық талаптарға бейімдеуге және жүйелердің үйлесімділігін арттыруға көмектеседі.
Сондай-ақ, қатысушылар ICAO 9835 құжатының (6-тарау) алдағы өзгерістерін, ICAO шкаласын қайта қарау және LTO мақұлдау рәсіміне әсерін, 10197 TDG (Testing Development Guidelines) құжатына сәйкес тестілеуге қойылатын жаңартылған талаптарды, сондай-ақ 10197 және 046 құжаттарын енгізу үшін өңірлік кеңселерде ақпараттық сессиялар мен семинарлар өткізуді талқылады.
ICAO LPRI TF келесі отырысы биылғы жылдың қазан айында Алматы қаласында өтеді деп жоспарлануда.