17/02/2020
Бүгін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, ҚР әуежайларындағы қызметтердің қолжетімділігі және e-Freight жобасына қатысты кездесу өтті. Қызмет көрсету сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру міндетін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қазақстанның азаматтық авиациясын дамыту жөніндегі салалық алқа аясында белгіледі.
Іс-шараға ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің өкілдері, қазақстандық әуежайлардың тасымалдау қызметтерінің басшылары, жолаушыларға қызмет көрсетуге жауапты “Air Astana”, “Scat”, “Fly Arystan”, “Qazaq Air” әуе компанияларының және "TransInfoTech" ЖШС өкілдері қатысты.
Отырыс барысында жолаушыларды тіркеу және отырғызу процедуралары кезінде жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту шаралары, рейстердің кешігу және кейінге қалдыру кезіндегі тасымалдаушылардың жауапкершілігі, сондай-ақ ана мен бала бөлмесі, багажды сақтау камерасы, дәретхана бөлмесі, сымсыз Интернет (Wi-Fi) және т. б. сияқты жолаушылар терминалдарындағы қызметтердің жекелеген түрлерінің қолжетімділігі талқыланды. Әуежайлар мен әуе компаниялары қызметкерлерінің қарым-қатынас мәдениеті, қызметкерлердің сыртқы келбеті, ақпараттық қамтамасыз ету сияқты аспектілердің маңыздылығы атап өтілді.
Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға, оның ішінде менталдық ауытқулары бар жолаушыларға қызмет көрсетуге ерекше назар аударылды. Мүгедектер арбаларының болуы, сондай-ақ әуе кемесінің бортына тасымалдау, көтеру/түсіру үшін арнайы көліктер пен механизмдердің болуы талқыланды.
«TransInfoTech» ЖШС өкілдерімен бірлесіп Қазақстандағы көлікті цифрландыру саласындағы E-Freight алғашқы МЖӘ жобасын іске асыру бойынша бірқатар сұрақтар қаралды. "Е-freight" жобасын іске асыру жүктерді әуе көлігімен тасымалдау кезінде құжаттарды рәсімдеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді (20-ға жуық қағаз құжаттарды электронды форматқа ауыстыру), жүктерді әуе көлігімен тасымалдау ағындарын өңдеу мерзімін қысқартады (жүктерді өңдеу мерзімін орташа есеппен 1 күннен 1 сағатқа дейін қысқартады) және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүктерді әуе көлігімен тасымалдау мен транзиттің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Кездесу аясында жүктерді өңдеу процесіне тартылған әуежай қызметкерлеріне арналған бағдарламалық жасақтамамен жұмыс істеу бойынша тренинг өткізілді.
Отырыстың қорытындысы бойынша ҚР әуежайларының, әуе компаниялардың және авиациялық әкімшіліктің өкілдері барлық санаттағы жолаушылар үшін әуе көлігімен тасымалдаудың қажетті жағдайлардын жасау бойынша бірлескен өзара іс-қимыл туралы шешім қабылдады.