21/10/2019
21-25 қазанда азаматтық авиацияны реттеудің британдық үлгісіне көшу бойынша техникалық қолдау көрсету туралы келісімнің аясында UK CAAi сарапшыларының алғашқы сапары өтеді. Бірінші кезеңде британдық сарапшылар Қазақстандағы заңнаманы талдап, EASA/ЕО ережелерін одан әрі енгізу және оларды Ұлыбританиялық Азаматтық авиация агенттігінің моделімен келісу жолдарын ұсынатын болады.
Авиациялық әкімшілік қызметінің бағыттары бойынша шетелдік және отандық сарапшылардан бірлескен жобалау тобы құрылды (ұшуды пайдалану, ұшу жарамдылығы, әуеайлақтар және жердегі қызмет көрсету, аэронавигация, авиациялық қауіпсіздік, авиациялық заңнама, авиаперсоналмен жұмыс істеу). Жобалық топтың құрамында: Питер Гриффитс – "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ Бас директоры, Роб Ерскайн-CAAi азия-тынық мұхит аймағы бойынша халықаралық операциялардың жетекшісі, Грэмхэм Уилер – CAAi халықаралық техникалық ресурсының жетекшісі, Дэн Эдвардс-CAAi аға саяси талдаушысы, сондай-ақ Азаматтық авиация комитеті және Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мамандары.
Жоба тобының жұмысы аясында кіріспе презентациялар мен семинарлар, сондай-ақ келер өзгерістерді түсіндіру үшін "ЭйрАстана", "Скат", "Казавиаспас" әуе компанияларының, Азаматтық авиация академиясының, әуежайлардың, аэронавигацияның өкілдерімен кездесулер өткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 7 қазанда Лондонда Халықаралық Азаматтық авиация агенттігі (CAAi) мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі арасында азаматтық авиацияны реттеудің британдық үлгісіне көшу бойынша техникалық қолдау көрсету туралы келісімге қол қойылды. Жаңа реттеу жүйесі әуе көлігі секторының өсуіне қолдау көрсетіп, Қазақстанның авиация саласының сапалы серпілісі үшін негіз болады. Азаматтық авиация комитеті соңғы 1,5 жыл ішінде азаматтық авиацияның негізгі заңын және 61 ішкі-құқықтық актілерді әзірледі және толықтырды. Ұшу қауіпсіздігінің салалық реттеушісі "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" жоғары халықаралық деңгейде бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін болады, бұл - азаматтық авиацияны тұрақты дамыту және Қазақстан арқылы авиатранзиттің тартымдылығын арттыру үшін негіз болады.