Кіру

Басты бет >
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде "Қазақстан Республикасында заңдарды әзірлеу: реттеушілік әсерге талдау жүргізу рәсімдері" тақырыбында семинар өтті

22/11/2024


Қазақстанның авиациялық әкімшілігі авиациялық стандарттар бойынша мамандар мен басқа да қызметкерлерге реттеушілік әсерге талдау (РӘТ) жүргізу бөлігінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу дағдыларын жетілдіруге арналған семинар өткізді.

Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға қатысушы ретінде авиация саласындағы қағидаларды, рәсімдер мен стандарттарды қолдануда біркелкілікті қамтамасыз етуге міндеттенді. Осыған байланысты біздің еліміз нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және өзектендіру арқылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасын енгізу бойынша міндеттемелерді өзіне алады.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органды осындай нормативтік актілерді дайындауда және жетілдіруде белсенді қолдайды.
ИКАО стандарттарын енгізу көбінесе жаңа реттеуші құралдарды енгізумен немесе кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарды күшейтумен қатар жүреді, бұл РӘТ жүргізу қажеттілігін анықтайды.
РӘТ – күтілетін пайда мен шығындарды салыстыру арқылы реттеудің тиімділігі мен негізділігін бағалауға мүмкіндік беретін негізгі аналитикалық процедура. Оның басты мақсаты – мемлекеттік реттеудің өз мақсаттарына барынша тиімді түрде жетуін қамтамасыз ету.
Семинарды өткізу үшін "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ ғылыми экономикалық сараптама және зерттеулер орталығының сарапшылары шақырылып, презентация жасады.
РӘТ пайда болу тарихына назар аударылды, үздік халықаралық тәжірибелердің мысалдары көрсетілді. Сонымен қатар, сарапшылар Қазақстанда РӘТ өткізу тәртібі мен ерекшеліктерін түсіндірді. Шығындар мен пайданы бағалауды, ықтимал тәуекелдерді анықтауды және реттеуді оңтайландыру бойынша ұсыныстарды қалыптастыруды қоса алғанда, талдауды жүргізудің негізгі кезеңдері қозғалды.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қызметкерлері РӘТ-ны күнделікті жұмысында қолдануға, оны енгізудің күрделілігіне байланысты сұрақтар қоя алды. Сарапшылар егжей-тегжейлі және түсінікті жауаптар берді, бұл қатысушыларға білімді одан әрі іс жүзінде қолдану үшін құнды ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Осындай форматтағы семинарлар қызметкерлердің біліктілігін арттыру, өзекті мәселелерді талқылау және тәжірибе алмасу үшін өнімді алаң құрады. Іс-шара халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтық авиацияны реттеудің ұлттық жүйесін жетілдіру жолындағы тағы бір қадам болды.