21/10/2020
Бүгін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде авиация саласын стратегиялық дамыту мәселелері бойынша авиаиндустрия өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараға ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің басшылары, Air Astana, SCAT, Prime Aviation, Казавиаспас, Qazaq Air әуе компанияларының өкілдері қатысты.
Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев өз сөзінде Авиация әкімшілігі іске қосылған күннен бастап жаңа векторды, жаңа парадигманы ұстанатын реттеушінің қалай өзгеріп жатқанын байқауға болатынын атап өтті.
“Авиациялық реттеуші өзін бақылаушы орган ретінде емес, серіктес ретінде көрсетеді. Азаматтық авиация комитеті Авиация әкімшілігімен бірлесіп, индустрияға қазіргі кездегі мәселелерді шешуге көмектесуге дайын. Қазір біз жаңа авиациялық реттеушіні құрудың бастапқы кезеңіндеміз, алдымызда 3 – 5 жылға дейінгі Стратегиялық даму бойынша орасан зор жұмыс күтіп тұр. Тәсілдер өзгеруде, ескіден, жазалау мәдениетінен өзара әрекеттесу мәдениетіне көшудеміз. Қазақстан Президенті мен Үкімет осы бағыттағы дамуға толық қолдау көрсетіп отыр”, – деді Талғат Ластаев.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің стратегиясы әлеуетті арттырудан, операцияларды басқарудан, саланы жақсартудан және халықаралық ұйымдармен байланыстан тұрады. Индустрияны жетілдіру 4 тәсілді білдіреді: барлық қолданыстағы авиация операторларын тексеру, жоспарлар арқылы жақсарту бойынша мақсаттар қою, бейтарап көзқарас саясатын енгізуді көздейтін қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік жоспарды әзірлеу, сондай-ақ стандарттарға сәйкес келмейтін авиаоператорларды жауапкершілікке тартуды көздейді.
Бүгінгі таңда Қазақстанның авиация индустриясында 20 000 – нан астам қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 10 000 – әуежай қызметкерлері, 2 700-ге жуық ұшу экипажы, 750 диспетчер, 1430 инженер, 4500 емтихан алушы және әуе компаниялардың басқа да қызметкерлері. Авиациялық қоғамдастықты сапалы кәсіптік оқыту барлық компаниялар үшін талап болады.
Алдағы жылы авиация саласында 2022 жылдың екінші жартысында ИКАО аудитін және одан кейінгі CAT1 санатын алу үшін FAA аудитіне дайындау жоспарлануда.
Питер Гриффитс, ҚАӘ Бас директоры: “Авиация әкімшілігі азаматтық авиацияны басқарудың Британдық моделін енгізуді жалғастырады және ұшу қауіпсіздігіне тиісті бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ авиация индустриясын дамыту үшін тиісті шаралар қабылдайды. Біз барлық әуе компаниялар үшін бірдей тәсіл әзірлейміз, оларға қойылған мақсаттарға, міндеттерге қол жеткізуде және шектеулерді еңсеруде қолдау көрсетуге дайынбыз».
Авиация билігі Қазақстан мен Еуропадағы Азаматтық авиацияның қауіпсіз, тиімді және тұрақты дамуына ықпал ету үшін Еуропалық азаматтық авиация конференциясымен Меморандум жасасуға ниетті. Сондай-ақ, қазақстандық авиация билік орындары COVID-19 пандемиясының салдарын азайту және азаматтық авиация саласын қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жалғастырады.
Кездесу барысында қатысушылар ағымдағы үдерістер мен стратегиялық дамудың өзекті мәселелерін талқылады. Осылайша, Қазақстанға рейстер орындайтын барлық әуе компаниялар үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірыңғай талаптар енгізілетін болады. Бүгінгі күні Еуропалық Одақ елдеріне ұшатын отандық және шетелдік әуе компанияларға қойылатын талаптарды енгізу бойынша заңнамаларға өзгерістер әзірлеу аяқталуда.
Әуе компаниялар өкілдеріне Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен “Астана” халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) бірлескен жобасы – АХҚО негізіндегі авиациялық хабтың экожүйесі ұсынылды. Жобада әуе компаниялар үшін салықтық жеңілдіктер, бүкіл әлем бойынша ұшуларды жүзеге асыру мүмкіндігі, лизинг бойынша неғұрлым төмен пайыздық мөлшерлемелер, сондай-ақ сертификаттау мен лицензиялауға төмен бағалар ұсынады.
Алдағы уақытта осындай кездесулер әуежайлар, аэронавигациялық қызметтер, шағын авиация және жалпы мақсаттағы авиация компанияларының өкілдерімен ұйымдастырылатын болады.