13/12/2024
Маскатта (Оман) «Авиациялық қауіпсіздік» 17-қосымшасының 50 жылдығына және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Чикаго конвенциясының 80 жылдығына арналған ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы өтті.
Іс-шара ИКАО және Оман Сұлтанатының ұлттық билігімен серіктестікте ұйымдастырылып, оған әлемнің 78 елінен авиациялық билік өкілдері, әлемнің 800-ден астам сарапшылары мен сала мамандары жиналды.
Құрамында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, «Қазаэронавигация» РМК және Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік сарапшылары бар қазақстандық делегацияны ҚАӘ бас директорының орынбасары Дархан Еспотанов басқарды.
Шараның мақсаты авиациялық қауіпсіздік саласындағы заманауи сын-қатерлерді талқылау, соңғы ИКАО стандарттарын енгізу және ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.
Форум аясында тәуекелдерді басқарудағы инновациялық тәсілдер мен авиациялық қауіпсіздікте жаңа технологияларды енгізу талқыланған конференциялар мен семинарлар өтті. Мамандардың біліктілігін арттыруға және халықаралық стандарттарды енгізуге бағытталған практикалық тренингтер, азаматтық авиациядағы жаңа қауіптермен күресудегі мемлекеттердің ынтымақтастығы мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер өткізілді.
Киберқауіпсіздік, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды бақылау және азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласудың алдын алу шараларына ерекше назар аударылды.
Іс-шараға қатысушылар талқылау нәтижелері жаһандық авиациялық қауіпсіздікті дамытудағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Тұрақты ынтымақтастық барлығына халықаралық стандарттар мен технологиялардың алдыңғы қатарында дамуға мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және авиациялық қауіпсіздік саласындағы озық тәжірибені енгізуге бағытталған стратегиялық құжат – авиациялық қауіпсіздік және авиациялық киберқауіпсіздік бойынша Маскат декларациясына жоғары деңгейде қол қою ИКАО апталығының нәтижесі болды.
Декларация сарапшылардың талқылауы мен ұсынымдарына негізделген және қатысушылардың, соның ішінде ИКАО-ға мүше мемлекеттердің, авиация саласының және халықаралық ұйымдардың өкілдерінен кең қолдау тапты. Маскат декларациясының негізгі ережелері:
1. Жаһандық ынтымақтастықты нығайту: қатысушылар азаматтық авиациядағы заманауи қауіптермен күресу үшін ақпаратпен, технологиялармен және озық тәжірибемен белсенді алмасу қажеттілігін қуаттады;
2. ИКАО стандарттарын енгізу: мүше елдер қауіпсіздік талаптарының жаһандық үйлесімін қамтамасыз ету үшін ИКАО стандарттары мен ұсынылатын тәжірибелерді (SARPs) енгізуді жеделдетуге міндеттеме алды;
3. Жаңа қауіптерге қарсы тұру: декларация киберқауіптермен, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланумен және басқа да заманауи сын-қатерлермен байланысты тәуекелдердің алдын алу бойынша бірлескен шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға шақырады;
4. Мамандардың біліктілігін арттыру: авиациялық қауіпсіздік саласындағы персоналды оқыту және сертификаттау бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасуды арттыру бойынша шаралар қабылданды;
5. Экологиялық тұрақтылықты сақтау: декларацияның маңызды аспектісі азаматтық авиацияның көміртегі ізін азайту бастамаларымен қауіпсіздік шараларын біріктіруге ұмтылу болды.
Декларация жаһандық авиациялық қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде танылды және оның ережелері ИКАО Ассамблеясының келесі отырысында қаралатын болады.
Форум аясында ИКАО Авиациялық қауіпсіздік және жеңілдету департаментінің басшылығымен, Парсы шығанағы елдерінің авиациялық билік органдарының АҚ секторларының өкілдерімен аймақтағы жаңа қауіптер ескере отыра авиациялық қауіпсіздік пен киберқауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша жұмыс кездесулері өтті.
ИКАО қабылдаған құжатты іске асыру аясында қазақстандық сарапшылар декларацияның негізгі ережелерін ұлттық заңнамаға енгізеді, бұл заманауи қауіптерге қарсы тұру және қауіпсіздіктің жаңа технологияларын енгізу бойынша шараларды күшейтеді. Бұл қадамдар түптеп келгенде ұлттық авиация қауіпсіздігінің беделі мен тиімділігін арттыратын болады.