Кіру

Басты бет >
Азаматтық авиация саласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды

17/02/2022

Бейнеконференцбайланыс режимінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің төрағалығымен азаматтық авиацияны дамыту мәселелері бойынша салалық отырыс өтті.

Шараға Азаматтық авиация комитетінің, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ, отандық авиакәсіпорындардың, сала ардагерлерінің, "Атамекен" ҰКП Логистика және тасымалдау комитетінің және Қазақстандық шағын авиация қауымдастығының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде 2021 жылдың қорытындылары мен 2022 жылға арналған жоспарлар талқыланды.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ Бас директорының м.а. Линда Орлэди, "Қазаэронавигация" РМК бас директоры Азат Бектұров, "Эйр Астана" әуекомпаниясының жоспарлау жөніндегі атқарушы директоры Алма Алигужинова, "SCAT" әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов, "Qazaq Air" әуекомпаниясының президенті Пламен Атанасов, Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов, Алматы қаласы әуежайының аға вице-президенті Зитцер Симонс және "Азаматтық авиация академиясы" АҚ ректоры" Бекен Сейдахметов баяндамалармен сөз сөйледі.

Отырыс барысында Азаматтық авиация комитеті саланың статистикалық көрсеткіштерінің өсуі, ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыру, ішкі және халықаралық әуе қатынасын жаңарту және әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту туралы хабардар етті.

Талғат Ластаев өз сөзінде ИКАО-ның Үйлестірілген валидациялық миссиясы (ICVM) шеңберінде ИКАО аудиторларының саланы сәтті тәуелсіз тексеруі маңызды оқиғалардың бірі болып табылатынын атап өтті. Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ға дейін көтерді, бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15%- ға жоғары.

Комитет "Кейбір заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Заң жобасында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану процесін реттеу жөніндегі норманы енгізу, атап айтқанда сертификаттау рәсімін енгізу, қашықтықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеу және оларды пайдалану аймақтарын айқындау ұсынылады.

Әуекомпанияларға әуе тасымалы шектелген адамдардың жеке тізілімін жүргізуге мүмкіндік беретін норма енгізіледі. Алайда мұндай тізімге азаматтарды тек әуе кемесінің бортында жасаған құқық бұзушылықтары үшін және қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту нәтижесінде кінәсі дәлелденген жағдайда ғана енгізуге болады.

Сонымен қатар, заң жобасында халықаралық стандарттарға сәйкестігіне ИКАО-ның кезекті аудитін сәтті аяқтауға дайындыққа бағытталған сала үшін маңызды және өзекті түзетулер бар.

Әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту аясында қазіргі уақытта 6 нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысы, Орал әуежайының терминалын, Қостанай әуежайының аэровокзал кешенін, Өскемен әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау және Үржар және Үшарал әуежайларын жаңғырту.

"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру шеңберінде 2021 жылы әуекомпанияларға 76 инспекция және 16 сертификаттау, аэродромдарға 41 инспекция және 17 сертификаттау, аэронавигация саласында 53 инспекция және авиациялық қауіпсіздік саласында 84 инспекция өткізілді. Сондай-ақ, тексеру нәтижелері бойынша 172 ұшуға жарамдылық сертификаты берілді. 8 Авиациялық оқу орталығы сертификаттаудан өтіп, 411 авиациялық персонал сертификаттары берілді.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бас директорының м.а. Линда Орлэди "Qazaq Air" әуе кемесін Аруба тізілімінен ҚР тізіліміне алғаш рет қайта тіркеу рәсімі жүргізілгенін атап өтті.

Отырыс барысында сала субъектілері ішкі нарықты авиациялық жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, тариф саясаты мен кадр мәселесіне қатысты проблемалық мәселелер айтылды.

Жыл сайын мұнай өңдеу зауыттарындағы маусымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуіне және авиаотын өндірісінің шектелуіне байланысты сала авиакеросин тапшылығына тап болады. Бүгінгі күні авиаотынды қамтамасыз ету жағдайы біршама тұрақтанды, дегенмен бұл мәселені жүйелі шешу үшін Министрлік қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада ұсыныстар дайындады, олар ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп пысықталуда.

Вице-министр аталған мәселелерді шешу жолдарын талқылау үшін бірқатар нақты кездесулер өткізу туралы шешім қабылдады.

Жалпы кеңес өткен жылғы саланың елеулі жетістіктерін көрсетіп және алдағы кезеңдегі міндеттерді талқылай отырып, нәтижелі өтті.

Алдағы екі жылдағы саланың басты міндеті - ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-дан жоғары көтере отырып, 2023-2024 жылдары ИКАО аудитінен сәтті өту болып табылады. АҚШ-қа тікелей рейстер ашу шеңберінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық жалғасатын болады.

Сондай – ақ, Азаматтық авиация комитеті "Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері" Ұлттық жобасы шеңберінде әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына және инфрақұрылымдық объектілердің жаңғыртылуына қарай пандемияға дейінгі деңгейдегі халықаралық қатынасты қалпына келтіру бойынша жұмысты жалғастырады.