02/02/2020
Бүгін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың төрағалығымен отандық азаматтық авиацияны дамыту мәселелері бойынша шағын алқа кеңесі өтіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы, сондай-ақ саланың өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен 2020 жылға арналған жоспарлары қаралды.
Кеңесте Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры Питер Гриффитс, «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Азат Бектұров, «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер, «СКАТ» АҚ президенті Владимир Денисов, «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов, Алматы әуежайының президенті Болат Ержанов сөз сөйледі.
Елімізде азаматтық авиация саласында негізгі көрсеткіштер динамикасы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 8,6 миллионнан астам жолаушы тасымалданды, бұл 2018 жылдың сәйкес көрсеткішінен (7,9 миллион) 9% артық. Отандық әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 17,7 млн.жолаушыны құрады, бұл 2018 жылға қарағанда 12% көп (15,8 млн. жолаушы). Соңғы 7 жылда транзиттік жолаушылар ағыны 45 есеге артты. Өткен жыл қортындысында бұл көрсеткіш 1 миллион транзиттік жолаушыға дейін өсті. Транзиттік рейстер саны 4% артты.
2019 жылы қазақстандық әуе компаниялар әуе кемелері паркін жаңарту және кеңейту мақсатында 12 әуе кемесін сатып алды, оның ішінде: "Эйр Астана" АҚ - 2 Embraer 190 Е2 және 1 Airbus А321, "QAZAQ AIR" АҚ - 2 Bombardier Q400 әуе кемесі, "СКАТ" АҚ - 1 Boeing 737-3К2, "Жетісу" әуе компаниясы" АҚ – 2 әуе кемесі және "Жезқазған Эйр" АҚ – L-410 типті 2 шағын авиация әуе кемесі.
Елімізде 60 әуе компаниясы жұмыс істейді. Қазақстандық 9 әуе компаниясының Еуропа Одағы елдеріне ұшуға рұсқаты бар. Ішкі нарықта 9 әуе компаниясы 52 бағытта ұшады.
Бүгінгі таңда Қазақстанның 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы бар (аптасына 26 шетелдік және 3 қазақстандық әуе компаниясы 430 рейс). 2019 жылдың басынан отандық және шетелдік әуе компаниялары 12 халықаралық рейс ашты.
2019 жылдың 1 қарашасында Мемлекет Басшысының тапсырмасымен енгізілген "ашық аспан" режимі аясында 14 жаңа халықаралық әуе бағытын ашу жоспарлануда (Qatar Airways: Доха - Нұр-Сұлтан және Доха - Алматы, LOT: Алматы - Варшава, Salam Air: Алматы - Маскат; Белавиа: Ақтау - Минск, Jazeera Airways: Кувейттен Қазақстанға, Air Asia X: Куала-Лумпур - Алматы - Лондон; Israir: Тель-Авив - Алматы, Air Astana:Алматы - Париж және Алматы - Мумбай; SCAT: Шымкент - Джидда, Шымкент - Медина, Нұр Сұлтан - Дели) сондай-ақ Варшава – Нұр-Сұлтан (LOT) және Минск - Алматы (Белавиа) 2 бағыты бойынша рейстер саны аптасына 7 ретке дейін артады.
Әуе билеттері құнын төмендету және әуе тасымалдаушылар арасында бәсекелестікті арттыру мақсатында 2019 жылдың 1 мамырында алғашқыотандық бюджеттік «Fly Arystan» әуе компаниясы іске қосылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 870 мыңнан астам билет сатылды, 47 % билеттердің құны 10 мың теңгеден төмен.
Қазақстанда әуе көлігі инфрақұрылымын жаңарту аяқталды –отандық әуежайлардың 16 ұшу-қону жолағы және 13 терминалы жаңартылды. 2019 жылдың қазан айында Қостанай әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту аяқталды. 2020 жылы Түркістандағы Халықаралық әуежайдың және Шымкент әуежайындағы жолаушылар терминалы құрылысын аяқтау жоспарланған. Биыл ішкі туризмді ынталандыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында Үшарал және Үржар әуежайларында ұшу-қону жолағын қайта бастау жоспарланып отыр.